2011 жыл. Маусымның 1 күні Тараз қаласына әйгілі “Дос-Мұқасан” ансамблі келді. Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған концерттерін ел-елді, жер-жерді аралап ән-саз сүйер қауымға қойып беріп, қошеметтерге бөленіп жүр.
Екі мың жылдан асқан тарихы бар көне Таразға атақты ансамбльдің ат басын тіреуі жұрттың көңілін көтеріп салды. “Баласағұн” мәдениет сарайында орын жоқ. Бір қария кісі “Дос-Мұқасанның” келетінін Таразда тұратын қыздарынан есітіп, алыстан, Қызылордадан арнайы келіпті. “Дос-Мұқасанмен” бірге жүрген, талай таныстары кеудесін көтеріп, сонау бір жастық шақтарын еске алып бір жасап қалды. “Дос-Мұқасан” Жамбыл жерінде көрерменге талай рет концертін ұсынғанымен, әдейілеп жаңа Тараздағы жанкүйерлерімен көптен бері қауышпаған еді. Иә, өткен шақ пен келер шақ осылай кездесті.
Өмір деген бір орнында тоқтамайды, алға жылжиды деген осы да. Қырық төрт жыл! Осы бір аралық қаншама өзгерістерге тола десеңші. Тіпті кешегі Ақмола бүгінгі Астана болып, кешегі Жамбыл бүгінгі Тараз болып қалай өзгеріп шыға келген. Тәуелсіздік деген осы-ау…
Есіме 2003 жыл түсіп отыр. Астананың бес жылдық тойында мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхамед алып биік сахнада ол сөзін: – Осыдан отыз бес жыл бұрын қазақ эстрадасының аспан көгінде өте жарық шұғылалы жұлдыз жанып еді. Содан бері ол өзін сүйген көрермен қауымға әнімен, әуезімен махаббат пен бақыт сыйлауда, – деп бастады ол. – Ақиқаты солай. Осы бір ансамбльдің әнін шырқамаған жас қыз бен жігіт, ел ағасы мен ел анасы, қарты, әжесі бар ма екен? Алғашқы махаббат түнінде сырласқан, ғашықтардың әні де “Дос-Мұқасанның” әуезінен басталған-ды. Қазақтың әр тойында “Той жыры” шырқалды, күйі күмбірледі. Сондықтан да халық көкейіндегі “Дос-Мұқасан” ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні “Дос-Мұқасан” қазақ эстрадасының аңызы. Ағылшындардың “Битлзы” болса, қазақтың “Дос-Мұқасаны” бар.
- Адамның бір таңқаларлығы сол кездің жастары, сонау түпкірдегі ауыл тұрғындары радиодан-ақ “Дос-Мұқасанның” әндерін үйреніп алып шырқайтын. Бұл бір ғажап құбылыс еді. Елдің көңілінен шығып, қуаныш, әкелуші еді, “Дос-Мұқасан”. Олай десек, ол мәңгілік халықпен бірге, – деді министр сөзін түйіндеп. Осы салтанатта ансамбльдің белді қос мүшесі Нұртас Құсайынов пен Бақытжан Жұмаділовке “Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері” атағы берілді.
Бұл концертке “Дос-Мұқасанның” алғашқы құрамының қатысуы, елді таңқалдырды. Шынында бес ғылым докторы, қаншама өнер қайраткерлері қарақанаттанып ұшып шыққан өнерлі ұя туралы әр қазақтың ауыз толтырып айтып, мақтануына әбден болады. Бұл жерде бір ғана саксафонымен мың құбылта ойнаған, ансамбльдің алғашқы жетекшісі Досым Сүлеев те, жүзі әрқашан жылы, гитара мен домбыраның хас шебері, ансамбльдің әрқашанғы жетекшісі Мұрат Құсайынов та, тілі мірдің оғындай Бақытжан Жұмаділов те сахнаны әп-сәтте өзіне қаратып алатын, қобыз үнді Нұртас Құсайынов та, бас гитарасындай “сабырлы” Шәріп Омаров та, ойлы да толғамды Мейірбек Молдабеков та, жеңіл атлет Саня Литвинов та бар еді. Шымылдық ашылып, Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазылған Мұрат Құсайыновтың “Туған жер” әні шырқалып қоя бергенде, ду қолшапалақтау басталып, көрермен жұрт орнынан тұрып кетті. Бұл бұрыннан қалыптасқан әдет еді. Әр ән зор овациямен қарсы алынып, көрермендердің бірге қосылып шырқауымен аяқталып отырды. Өйткені “Дос-Мұқасанның” әр әнінде, музыкалық әуенінде қарапайым жұрттың, залда отырған көптің, үкімет басшыларының, депутаттардың жүрегінің түкпірінде не бір сырлары, қуанышы, достығы, махаббат соқпақтары қайта жаңғырды.
“Алматы түні” – сөзі Тұманбай Молдағалиевтікі, әні Досым Сүлеевтікі. Тағы да ду қолшапалақтау. Хабарлаушы Бақытжан Жұмаділов. Ел жұртқа белгілі – әнші және конферансье. Әсем әуез залды кернеп шарықтап шығып, бір сәт талмаурап барып тыныстады. Артынша жаңа қалаға, елордаға арналған Мұрат Құсайыновтың “Алматы – Астана” әні шырқалды. Тәуелсіздіктің жарқын дәлелі паш етілді. Астана асқақтап кеткендей әсерленді.
Артынан талай бозбаланың – бүгінгі әкелердің студенттік шағын еске түсірген “ЖенПИ жаққа барамыз” әні аспандады. “Куә бол”, “Қайдасың”, “Қыздар-ай”, “Ты – моя мечта”… Ойпыр-ау, адамдар халық өнерінің осыншама құдіретін бұрын білмеген бе? Залдың бәрі нағыз әншілер болып кетіпті. Бір қызығы ансамбль “Той жыры” әнін шырқаған сәт табиғи сахнаға айналып зал мен сахна бірігіп кетті де, қуаныш шалқып, қайталанбас көрініске айналғандығы. Шын мәнінде. “Той жыры” өнер ұжымының тұмары екені тағы да дәлелденді. Бұл күн тағы бір қайталанбас оқиғамен дәлме-дәл келді. Ансамбльдің негізгі бір жанкүйері – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алпыс үш – пайғамбар жасына толды. Президент өнер ұжымының әр қадамына зер салып, жетістігіне қуанып қол соқты. Әрқашан қамқоры болды. Оны мақтан етті.
Енді араға сегіз жыл салып “Дос-Мұқасанмен” қайта қауышып отырмын. Астанадағы Конгресс-холлдағы болған концерттің көріністері біздің “Баласағұнда” менің көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатыр. Жұрттың ыстық ықыласы ерекше, Тараздағы айырмашылық, Астанада үкімет мүшелері де, жергілікті басшылар да, депутаттар да, тіпті “Дос-Мұқасан” өнерін тамашалауға Президенттің өзі қатысып отырса, бізде концерт аяқталған соң, бір жасы үлкен кісінің: – “Мынадай шараға бірде-бір әкімшілік адамдарының келмегені несі”, – деп өкпелегендей сөзі естілді. Және бір өзгеріс – “Дос-Мұқасанға” бас гитарада ойнайтын Есқайыр атты азаматтың келгені мен өнер сүйер қауымға белгілі, қайбір жылдары осы ұжымда болған, қазір достарының ортасына қайта оралған, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Ақжол Мейірбековтің Тараз жұртшылығына жаңа қырымен танылғаны. Ол кісі екеуміз 2008 жылдан құдай қосқан құдамыз.
Бүгінгі күні “Дос-Мұқасанның” арасында Қамит Санбаев, Шәріп Омаров, Бақытжан Жұмаділов секілді асылдарымыз жоқ, қатал тағдыр оларды бұл өмірден ерте жұлып алып кетті. “Дос-Мұқасан” өз достарын, ардақтарын еске алып “Жан досым” әнін айтқанда, толқымаған жан болған жоқ. Шындығында қазақ эстрадасының аңызы атанған ансамбльдің қилы-қилы тағдыры туралы біреу біліп, біреу білмес. Қалай дегенде де тәуелсіздікке қолы жеткен еліміздің өнер саласында айтулы еңбегі бар, халқының, ұлтының асқақ арманының туындай желбіреген, намысын қайшылап, рухын көтерген “Дос-Мұқасанның” елеулі еңбегі жұрт жадында, халық жүрегінде, ол ешқашан ұмытылмайды. Өмірде өз орнын алған талай жастың, бүгінгі ел ағалары мен ел аналарының кезінде жанынан, ойынан тастамайтын рухани еншісі, махаббатының куәгері “Дос-Мұқасан” өмірі әлі де жалғасады.

Міне екі күндік тренинг те өз мәресіне жетті. Мен осы алған интерактивті дәрістің нәтижесінде журналистердің қатарына ілігіп сертификат алдым. Бұған да шүкір. “Мінбер” журналистерді қолдау орталығына және ұйымдастырушыларға мың да бір рахмет. Енді мені шеттетпеген әріптестеріме де алғысымды жеткізгім келіп отыр. Семинар біткен соң Ш. Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясына барып “Жерұйық” атты фильмді (әлі тұсаукесері болмаған) тамашаладық. Бұл тарихи көркем фильм өз көрермендерін баурап алары хақ. Жаңа жас буын әріптестермен қош айтысатын мезгіл де келіп қалды. (суретте: өзім және Бала Бүргем)